.RU

«Қазақ тілі» ПӘнінен орфоэпияны меңгертудің маңызы мен тиімділігі аңдатпа

Дата07.09.2017өлшемі152.9 Kb.
ОӘЖ 81’355:811.512.122
Д.Д. Бисмильдина

филология ғылымдарының кандидаты

Қазақ экономика, қаржы және халықаралық сауда университеті, Астана қ.
«ҚАЗАҚ ТІЛІ» ПӘНІНЕН ОРФОЭПИЯНЫ МЕҢГЕРТУДІҢ МАҢЫЗЫ МЕН ТИІМДІЛІГІ
Аңдатпа

Бұл мақала жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне жүргізілетін практикалық қазақ тілі пәнінен орфоэпияны меңгертудің маңызы мен тиімділігіне арналған. Автор білім алушыларға ауызша әдеби сөйлеудің орфоэпиялық нормаларын сақтау олардың тіл мәдениетінің және кәсіби біліктілігінің міндетті талабы екенін өзектей отырып, оны меңгертудің тиімді жодарын көрсетеді. Бұл жұмыс қазақ тілінде ауызша әдеби сөйлеу мәдениеті мәселелері толғандыратын барша оқырман қауымға ұсынылады.


Кілтті сөздер: ауызша әдеби сөйлеу тілі, орфоэпиялық норма, теле, -радиобағдарлама, диктор, тілші, орфоэпиялық сөздік
Көпшілік алдында сөз сөйлеу нормалары мен тұрмыстық қатынастағы сөйлеу тіліне тән дыбыстау нормаларын араластырмай, сауатты сөйлей білу тілдік қарым-қатынас үшін аса маңызды. Өйткені өз ойыңды өзгеге ауызша түсінікті етіп жеткізуде сөздік қорды байыту жеткіліксіз, мұндайда сөзді дұрыс айту, дыбыстау да үлкен рөл атқарады. Дұрыс айту нормаларын меңгеру өзін-өзі жетілдірумен айналысатын барлық адамдарға қажет. Анық, түсінікті айтылған сөз және дұрыс қойылған дауыс әңгімелесуші адамға көрсетілген құрмет болып табылады. Жақсы дикция адамның жақсы қылықтары мен дұрыс киіне білу қабілеті сияқты басқа адамдарды өзіне тартады. Қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтау жалпы сөйлеу мәдениетімен, оның ішінде дұрыс айту, дұрыс жеткізу мәдениетімен, тілдің коммуникативтік және эстетикалық қызметімен түсіндіріледі.Ал тілді қадірлеу әдеби тілде дұрыс сөйлеуден басталады. Әдеби тіл – нақты міндетті лексикалық (сөздің дұрыс қолданысымен байланысты), грамматикалық (сөз формаларының қолданысымен және өзгерісімен байланысты), орфографиялық (сөздерді дұрыс жазу ережелерімен байланысты), орфоэпиялық (сөздерді дұрыс айту ережелерімен байланысты) нормалардан тұратын үлгілі тіл. Тіл мәдениеті және дағдысы – адамның кәсіби біліктілігінің міндетті талабы. Ғалым Мәулен Балақаев айтқандай, «тіл мәдениеті дегеніміз – тіл жұмсаудағы ізеттілік, сауаттылық қана емес, сонымен қатар тілдік тәсілдерді, фонетикалық, орфографиялық, орфоэпиялық, морфологиялық, синтаксистік, стильдік құбылыстарды ұқыпты, дұрыс қолдану дағдысы» [1, 52].

Ауызша әдеби сөйлеу тіліне сөзді орынды қолдану, сөзді дұрыс айту, екпінді дұрыс қою және т.б. ерекшеліктер тән. Орфоэпия гректің «orthos» (дұрыс, тура) және «epos» (тіл) деген екі сөзінің бірігуінен жасалған, қазақ тіліне аударғанда «дұрыс айту» деген мағынаны білдіреді. Орфоэпия ауызша сөйлеу тілінің ерекше құбылыстарын зерттейді, нақтырақ айтқанда, жазба тілде, әдетте, көрініс таппайтын дұрыс айту нормалары мен екпінді қарастырады. Ғалым Н. Уәли оған мынадай анықтама береді: «Орфоэпия – ауызша сөздің бірізді дыбысталуын қамтамасыз ететін ұлттық тіл нормасының жиынтығы. Әдетте, сөздің бірізді дыбысталуы ауызба-ауыз тілдесуді жеңілдетуге ықпалын тигізеді. Орфоэпия деген ұғым тілдің фонетикалық жүйесіндегі фонемалардың, сөздер мен грамматикалық тұлғалардың, сондай-ақ суперсегменттік бірліктердің (сөз үндестігі, сөз үйлестігі, сөз екпіні, интонациялық құрылымдар т.б.) дыбысталуын қамтиды» [2, 85].

Қазақ тілінде ауызша әдеби сөйлеудің орфоэпиялық нормаларын сақтау сауатты жазу сияқты адамның жалпы мәдени деңгейінің көрсеткіші болып есептеледі. Орфография мен орфоэпия бір-бірімен тығыз байланысты, өйткені сауатсыз жазу мәтінді дұрыс оқуға және оны дұрыс қабылдауға кесірін тигізеді. Ауызша сөйлеу тілінде ең маңыздысы – айтылған ойдың мағынасын түсіну, ал сөздерді дұрыс айтпау бұған кедергі келтіреді. Сіз қанша жерден дарынды, сүйкімді және ақылды болғаныңызбен, егер сөздерді дұрыс айтпай, екпінді қате қойсаңыз, бір сөзбен айтқанда, акцентпен сөйлесеңіз, онда сіз өз ойыңызды жеткізуде қойылған мақсатқа жеткен жоқсыз. «Акцент(лат. аccentus, нем. akzent – екпін) әртүрлі екі тілдің әдеби жүйесінің тоғысуынан пайда болады. Мысалы, қазақ тіліндегі «қ» дыбысының «к» (қаз – каз, қар - кар), «ұ», «ү» дыбысының «у» (үй – уй, үш – уш) болып дыбысталуы «орыс акценті» деп аталады. Акцент диалектілік сөйлеудің әсерінен әдеби тіл жүйесінің бұзылуына да әкеп соғады (шана – чана, шалғы – чалғы)» [3, 49].

Адамның тілге деген немқұрайды көзқарасы оның туған халқына және өз ұлтының мәдениетіне деген құрметтің жоқтығын білдіреді.Ғалым Р. Сыздық тыңдаушыларды да, педагог, режиссерлерді де, әсіресе тіл мәдениетін қадағалаушы ғалымдарды да алаңдатар жайттар пайда бола бастағанын айтып, оларды төмендегідей санамалап көрсетеді:



  1. Драма актерлері мен опера және эстрада әншілерінің, сондай-ақ радио мен теледидар дикторларының, комментаторларының, жергілікті тілшілерінің, кинодубляж жасаушылардың қазақ тіліндегі дауысты, дауыссыз дыбыстардың үндестік заңдары, сингармонизм заңдылықтары деп аталатын табиғи гармониясын (үйлесімін) сақтамай бұзып айтулары;

  2. Сөйлеу үстінде болатын логикалық паузалар, яғни ой екпіні түскен сөздерді сәл кідіріп, бөліп айтуды немесе сөздердің мағыналық топтарына қарай қажет жерінде оларды айрықша бөліп, я болмаса ұластыра қосып айту сәттерін біле бермеу;

  3. «Қос қанаттың сыңары» деп келген орыс тілінің әсеріне байланысты кейбір қазақ тілі дауыстыларын сәл өзгертіп (орыс тіліндегіше) айту фактісі;

  4. Әрбір сөйлемнің мағыналық интонациясын тап баса алмағандықтан, оның ішіндегі сөздерді дұрыс айта алмаушылық;

  5. Қазақ сөздеріндегі жіңішке дауысты дыбыстарды жуандатып (айтеуыр, саулем, саулемсың) немесе, керісінше, жуан сөздерді жіңішкертіп айтулары (мені сүйген бір әдәм бар) т.т. [4, 16].

Қазақ тілінің орфоэпиялық нормалары қазіргі кезде де сақталмайды. Қай жерде болмасын, тіпті оқу орындарының басым бөлігінде де орфоэпиялық жұмыстың қазіргі жағдайы қанағаттанарлық емес. Қазіргі оқу орындарының мақсат-міндеті – білім алушыларды оқыту және тәрбиелеу тиімділігін арттыру. Ол оқытудың практикалық бағытын күшейту, нақтырақ айтқанда, білім алушының тұлғалық, коммуникативтік, танымдық қызметін арттыру, олардың тіл мәдениетін дамыту және т.б. тікелей байланысты. Осыған орай, пәнді оқыту үдерісінің негізгі мақсаты оқытушының жүйелі түрде арнайы қолданған әдіс-тәсілдерінің нәтижесінде білім алушылардың шығармашылық ойлау, сын тұрғысынан ойлау қабілеті мен белсенділігін дамыту және өз бетінше білімді меңгеру дағдыларын арттыру болса, ал сабақ – кредиттік технология бойынша білім беру жүйесіндегі уақытқа тәуелді құбылыс әрі аса күрделі үдеріс болып табылады. Осындай шектеулі уақыттың ішінде жоғары оқу орындарындағы қазақ тілін үйренуші студент қазақ тілінің грамматикалық құрылысын жетік игере отырып, мемлекеттік тілді сөйлеу құралы ретінде еркін меңгеріп, сөйлеу мәдениетін қалыптастыруы, дамытуы керек. Қазақ тілінде жоғары деңгейде іскери сөйлеу, өз ойын толық білдіру, пікір айту дағдыларын дамытуы тиіс.

Дегенмен ЖОО-дағы орыс бөлімі студенттерінің көпшілігі әлі күнге дейін сөзді дұрыс ырғақпен, үйлесіммен, үндесіммен дыбыстай алмайтын жайттар жиі кездесіп отырады. Қазіргі кезде көптеген студенттердің дұрыс дыбыстау, сөздерді дұрыс айту деңгейі, жалпы ауызша әдеби сөйлеу мәдениетінің деңгейі жоғары дәрежеде деп айтуға болмайды. Оның себебі әр түрлі болуы мүмкін: біріншіден, орфоэпияны оқытуға ерекше ден қоймау, яғни жазба тілді дамытуға көп көңіл бөлу; екіншіден, оқытушының өзінің тілдік мәдени деңгейі қажетті дәрежеде болмауы мүмкін. Сонымен қатар, біздің ойымызша, студенттердің ауызша тіл нормасының бұзылуы, бір жағынан, олардың көбінесе басқа тілде сөйлеуімен байланысты болса, екінші жағынан, тілдің фонетикалық және фонологиялық сипатын ескермеуден туындап жатады. Фонетика үшін сөздің жазылуы емес, сөздің дыбысталуы, айтылуы, естілуі маңызды екені даусыз. Орфоэпияны оқытудың маңыздылығына қарамастан, бүгінде осы мәселені шешудің ғылыми-әдістемелік негіздері талапқа сай емес. Өйткені орфоэпияны оқытудың теориялық негіздері орфоэпияны оқыту тәжірибесімен ұштастырылмайды, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын практикалық тұрғыдан оқыту өз дәрежесінде қолға алынбаған.

Студенттер сөзді көбінесе жазылған күйінде айтуға дағдыланып кеткендіктен, орфоэпиялық ережелерді сақтауға қанша тырысса да, дыбысты, сөзді, сөйлемді жазылған қалпында айтуға бейім тұрады.Тілдің орфоэпиялық нормалары білім алушыға мектеп қабырғасында оқып жүргенде-ақ үйретілмесе, одан кейін бұл нормаларды меңгеру өте қиын болады. Өйткені адам бойында жастайынан қалыптасқан, сіңген нәрсені өзгерту оңай емес. Әйтсе де өзіне-өзі сөзін өткізе алатын адамдар қашанда мақсатына жетеді. Студент атанған білім алушылардың сөзді дұрыс айту нормасындағы кемшіліктерді түзетуге байланысты жұмыстарды тиянақты түрде қолға алса, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Мұндай жұмыс оқытушы мен студенттен қажымас қайратты, көп еңбекті талап етеді. Ол үшін әр адам өзін-өзі сөйлеу кезінде дыбыстың дұрыс дыбысталуын, сөздің дұрыс айтылуын үнемі бақылап отыруы қажет. Орфоэпиялық норма тұрғысынан дұрыс дыбысталған дыбысты міндетті түрде автоматты дәрежеге жеткізу керек. Ол үшін тілдің фонетикалық және фонологиялық сипатын меңгеріп, сөйлеу кезінде денені бос ұстап, қысылмай, еркін тұрса, дұрыс демалса, сонда дыбыстар дұрыс жасалып, жақсы айтылады және естіледі. Алдымен дыбысты дыбыстап, содан соң буынды, ал одан кейін сөзді, тек содан соң ғана сөйлемді дұрыс айтудан бастау керек. Ғалым З.С. Күзекова «Екінші тіл ретіндегі қазақ тілі оқулығы теориясының лингвистикалық негіздері» атты ғылыми еңбегінде: «Сөйлеу үшін ең басты материал – сөз. Сөзді жүйесіз меңгеру қазақша сөйлетуге де, қазақша түсінуге де әкеле алмайды. Барлық тіл үшін осылай», – дейді [5, 18].

Жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне оқытылатын практикалық қазақ тілі сабақтарында жазба тапсырмалармен салыстырғанда ауызша сөйлеумен байланысты орындалатын жаттығу жұмыстары көбірек жүргізіледі. Мұндайда жоғарыда көрсетілген мақсат-міндеттерді орындаумен қатар қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын меңгертудің маңызы зор. Осыған орай, оқу орындарында орфоэпияны оқытудың қазіргі жағдайын ескере отырып, орфоэпиялық білік пен дағдыны қалыптастырудың лингвистикалық негіздерін, сонымен қатар психологиялық негіздерін тиімді үйлестіре отырып, студенттердің сөзді орфоэпиялық норма тұрғысынан дұрыс айту, дұрыс дыбыстау дағдысын қалыптастырып қана қоймай, оны автоматты түрде дұрыс айту деңгейіне жеткізгенге дейіндамыту қажет.

ЖОО-лардың орыс бөлімі студенттеріне қазақ тілінің оқу-әдістемелік кешенінде белгіленген жаңа білімді оқытумен қатар орфоэпиялық нормаларды практика жүзінде меңгерту өте тиімді болады. Онда орфоэпияны оқытудың лингвистикалық және психологиялық-педагогикалық негіздері қатар жүзеге асырылады. Практикалық қазақ тілі сабақтарында міндетті түрде мәтін беріледі. Біздің тәжірибеде пәннің Типтік бағдарламасында ұсынылған тақырыптар [6] бойынша бұқаралық ақпарат құралдары материалдарынан, көркем әдебиеттен мәтіндер іріктеліп алынып, арнайы әзірленген оқу құралында жинақталып берілді [7].Сабақ барысында мәтінмен тиісті жұмыс жүргізіле отырып, студенттерге «мәтінді қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтай отырып оқыңыз, әсіресе, қазақ тілінің төл дыбыстарын дұрыс дыбыстаңыз» сияқты тапсырмалар беріледі. Өйткені қазақ тілінің төл дыбыстары әліпбиде тізілген қатардағы көп дыбыстар емес, қазақ тілін әлемдік тілдерден ерекшелеп тұратын, тіпті туыс түркі тілдерінен де даралап көрсететін өзгеше дыбыстар емес пе!? Сондықтан қазақтың төл дыбыстарын дұрыс айтуға ерекше мән беру қажет.

Қазақ тілінің орфоэпиясына қатысты талап мәтін соңында берілген пікір алмасу сұрақтарымен жұмыс жасау кезінде де қойылады. Сондай-ақ студенттер үшін арнайы әзірленген грамматикалық тапсырмалар ішінде дұрыс дыбыстауды, айтуды қалыптастыруға және тыңдай білуді дамытуға негізделген жаттығулар жүйесімен де жұмыс жасалады. Мұндайда қазақ тілінің негізгі курсын оқытумен қатар орфоэпия саласы бойынша тіл білімінде берілген теориялық білімді тірек ете отырып, студенттерді қазақ тілінің орфоэпиялық нормалармен таныстыра отырған тиімді.

Жалпы, сабақ барысында сөйлеудің екі тәсілі: оқуға негізделген және айтуға негізделген түрлері қолданылады. Мұндайда оқылым барысында кітаби-жазба тілдің кез келген үлгісі қолданыла беруі мүмкін, ал айтылым кезінде ауызша сөйлеу тілі стилінің кез келген үлгісі пайдаланыла беруі мүмкін.Білім алушы студенттер мәтіннің ой желісін сол мәтінге тән интонацияның ерекшелігімен және мәтіндегі әрбір сөздің, сөз тіркесінің, ырғақтық топтың дұрыс айтылуы арқылы аңғарып отырады. Мәтін интонациясын дұрыс қою және мәтінді дұрыс оқу немесе сөзді дұрыс айту ережесі мәтін мазмұнына қатысты белгілі бір ақпарат береді. Сондықтан бұқаралық коммуникацияда ауызша әдеби сөйлеу тілінің орфоэпиялық нормалары ерекше қызмет атқарады.

Ауызша тілдің нормасын білім алушыға үйрету және дыбыстарды, сөзді, сөз тіркесін, мәтінді оқудан бастап, білім алушы тілін дамыту оқытушының үнемі үздіксіз атқаратын қызметі болып табылады. Мәнерлеп оқу дегеніміз – көркем шығарманы әдеби тілдің орфоэпиялық ережесін, шығарманың тақырыбын, идеялық мазмұнын түсініп, белгілі бір жылдамдықпен дауыс үнділігін, ырғағын сақтай отырып оқу. Бұл шарттарды білім алушылар көркем шығарманың тілін түсініп, оқу техникасын меңгерген жағдайда ғана орындай алады. Түсініп оқуға баулу міндеттері практикалық сабақ барысында мәтінмен жұмыс істеу кезінде жүзеге асырылады. Сондықтан мәнерлеп оқу практикалық қазақ тілі сабағының маңызды бөлігі болып саналады. Сөз табиғи естілу үшін, дыбыс түрленімінің барлығын сақтап сөйлеу керек. Дыбыс түрленімін тудыратын себептердің қатарына дыбыстың сөз бен сөз тіркесіндегі орны, көрші дыбыстың әсері, логика-экспрессив үстемелер және әуен жатады. Нақтырақ айтқанда:

Әртүрлі сөзформалардың құрамында кездесетін бір морфеманың бір дыбысының көрші дыбыстың әсерінен басқа дыбысқа өзгеруі дыбыс алмасуы деп аталады.

Тілдің ауызша формасында дыбыстар үндестік заңына сәйкес үнемі үйлесіп, жымдасып қолданылады. Егер осы үндестік сақталмай, бұзылатын болса, мұның өзі сөздің айтылуы мен жазылуының арасын айыра алмауды көрсетеді. Өйткені жазу сөздің айтылуын дәл бере алмайды.

Дауысты дыбыстардың бір сөз көлемінде еріннің қызметі жағынан ыңғайласып, үйлесіп келуі ерін үндестігі деп аталады. Ерін үндестігі қазақ тілінің бірегей белгісі болып табылады. Бұл заң бойынша сөздің бірінші буынында еріндік дауысты болса, қалған буындарында да еріндіктер айтылуға тиіс.

Зерттеу жұмыстарында сөздің бірыңғай жуан немесе жіңішке, бірыңғай езулік немесе еріндік болып айтылуының фонологиялық мәні бар деп көрсетіледі. Сондықтан буын үндестігі қазақ тілінің негізгі орфоэпиялық нормаларының бірі болып табылады.

Қазақ тілінің сөздік қорындағы төл сөздер үндестік заңына бағынады. Бірақ қазақ тілінің сөздік құрамындағы сөздердің барлығы қазақ тілінің заңдылығына бағынады деп айтуға болмайды. Мысалы, кірме сөздер ерін үндестігі заңдылықтарын сақтамайды.

Сонымен қатар дауыссыздардың бір-бірімен үйлестілігінің (ассимиляция) орфоэпиялық норма үшін ерекше мәні бар. Морфемалардың жігінде көрші келген дауыссыздардың акустикалық-артикуляциялық жақтан бір-біріне ұқсауы, бейімделуі ассимиляция деп аталады. Дауыссыздардың бір-біріне ықпалы прогрессивті, регрессивті және тоғыспалы түрде қарастырылады.

Сөздің құрамында болатын әртүрлі дыбыстық өзгерістер дыбыстық құбылыстар деп аталады. Олардың бәрі де айтуды жеңілдетуден тұрады. Мәселен, тіліміздегі кірме сөздің айтылуын жеңілдету үшін, сөздің алдынан басы артық дыбыстың қосылуын білдіретін протеза құбылысы қажет. Сол сияқты сөз ішінде дауыссыздардың арасына дауыстының қыстырылуын көрсететін эпентеза, бунақтағы сөздердің арасында қатар келген екі дауыстының алдыңғысының түсіп қалуын білдіретін элизия және оған қарама-қарсы (қазақ тілінде сирек кездессе де) аферезис пен сөз ішіндегі дыбыстардың не буындардың өзара орын ауысуында көрініс табатын метатеза және сөз ішінде біркелкі (ұқсас) буындардың бірінің түсіп қалуынан көрінетін гаплология құбылыстарының қыр-сырын білу керек.

Сөйлемдегі сөздер сөйлеу кезінде тұтасып немесе жеке-жеке тұрмай, топ құрап, әрқайсысы өзіндік екпін, ырғақпен айтылатынын аңғаруға болады. Қазақ тілінде бунақтағы сөздердің жұбын жазбай, араларында қатар келген дыбыстарды үндестіріп, бір ырғақ, екпінмен айтудың маңызы зор. Олай болмаған жағдайда сөздердің байланыс реті бұзылады да, тіл табиғи жарасымынан айрылады, құлаққа жағымсыз естіледі, ой түсініксіз болып кетуі де мүмкін.

Қазақ тіліндегі екпін көбінесе сөздің соңғы буынына қойылады. Дегенмен сөз аяғында келген қосымшаның барлығы бірдей екпінді қабылдай бермейтіні салыстырмалы деректерден айқын көрінеді (-дай қосымшасы, көмектес септік жалғаулары, т.б.).

«Орфоэпия ұлттық тілдің қалыптасуы мен дамуына тікелей байланысты. Қоғамдық өмірде шаршысөз (публичная речь) түрлерінің (театр, кино, радио-теледидар хабарлары т.б.) пайда болып, олардың әлеуметтік мәнінің артуы орфоэпиялық нормалардың орнығып, ұлттық сипатқа ие болуын жеделдете түсті» [2, 48]. Осыған орай, қазақ тілі сабағы барысында студенттерге ауызша әдеби сөйлеу тілінің орфоэпиялық нормаларын теледидар және радиодан берілетін ақпараттық бағдарламаларды, жаңалықтарды тыңдату арқылы меңгертуде ерекше дидактикалық материал ретінде қолдану аса тиімді. Өйткені дикторлық ақпараттық бағдарламалар, теле- және радио жаңалықтар тілі ауызша әдеби дұрыс сөйлеудің, соның ішінде орфоэпиялық нормаларды сақтаудың жарқын үлгісі, сондай-ақ дұрыс дыбыстау, дұрыс айту мәдениетін жетілдірудің негізгі құралы болып табылады. «Дикторлар – теледидардан тек әр алуан хабар берушілер ғана емес, сонымен қатар сөзді дұрыс айта білуді, дұрыс дыбыстай білуді үйрететін ұстаздар болуға тиіс» [4, 6]. Ақпараттық теле, -радиобағдарламаларды, соның ішінде теледидардан және радиодан берілетін жаңалықтарды жүргізуші дикторлардың және репортаж жасаушы тілшілердің сөзін қолдану орфоэпияны оқытудың маңызды құралы ретінде қарастырып, сабақ барысында ерекше дидактикалық материал ретінде қолдануға әбден болады. Себебі «адам орфоэпиялық нормаларды, олар жөніндегі ережелерді, негізінен, жаттау арқылы емес, құлақпен тыңдап, үйрену арқылы игереді. Бұл ретте күнде тыңдайтын теледидар үнінің орны айрықша» [4, 15]. Радио, теледидардан ақпараттар тыңдап, түсінуге машықтанған студенттер қазақ тілінде тыңдалым, айтылым нормаларын дамытады, екінші адамның тілін түсінуге машықтанады. Сондай-ақ қазақ тілінің фонетикалық ерекшеліктерін меңгеріп, оның дұрыс-бұрыс, мәнерлі-мәнерсіз қырларын ажырата білу деңгейіне жетеді. Бір сөзбен айтқанда, білім алушылардың тілдік талғамы қалыптасады.

Студенттерде орфоэпия туралы түсініктің болуы, олардың орфоэпияның практикалық маңызын ескеруі, орфография және орфоэпияның байланысын, фонетика және орфоэпия байланысын, лексика және орфоэпия байланысын, сөзжасам, морфология және орфоэпия байланысын, синтаксис және орфоэпия байланысын, дикция және орфоэпия байланысын ұғынуы, қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын сақтауы, екпінді дұрыс қоюы және орфоэпиялық сөздіктерді тиімді қолдануының маңызы зор. Әдеби тілдің ауызша орфоэпиялық нормаларынан жөнсіз ауытқулар, ең алдымен, сөз қалай жазылса, солай дыбыстаудан, жазу жүйесі мен ауызша сөз жүйесінің өзді-өзіне тән ерекшеліктеріне мән бермеуден туындап жатады. Сондықтан дұрыс сөйлеуге бағыт-бағдар көрсететін құралдың бірі – орфоэпиялық сөздік қазіргі қоғамымыз үшін аса қажет. Бір ізге түскен арнаулы ережелер мен орфоэпиялық сөздіктер жазылу мен айтылудың арасындағы айырмашылықты айқындап, сөздердің ауызша дыбысталу нормасын көрсетіп, оларды жөнге салып отырады. Бұл ретте сөзді дұрыс айту нормалары мен орфоэпиялық ережелерді қамтыған Р. Сыздықтың «Сөз сазы» (1983, 1995) кітабын, Қ. Нетәлиеванің «Қазақ тілінің орфоэпиялық сөздігін» (1977), М. Дүйсебаеваның «Қазақ тілінің қысқаша орфоэпиялық сөздігін» (1981) және Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен басылып шығарылған Орфографиялық сөздікті (2008) және жаңадан пайда болып жатқан сөздер енгізілген басқа да атап айтуға болады. Аталған сөздіктерде қазіргі қазақ тіліндегі сөздердің әдеби нормаға сәйкес айтылу үлгілері мүмкіндігінше толық қамтылған. Сөздердің, сөз тіркестері мен сөйлемдердің интонациялық безендірілу үлгілері берілген. Жаңа сападағы орфоэпиялық сөздіктер қазақ тіл білімінің фонетика, интонология, сөз мәдениеті салалары бойынша жүргізілген соңғы зерттеу нәтижелерінің негізінде жасалған.

Сонымен, академик М.С. Серғалиев айтқандай, «орфография мен орфоэпияның заңдылықтарын сақтау сауатты жазу және дұрыс сөйлеу мәдениеттілігінің көрінісі болып табылады» [8, 45]. Орфоэпия ұлттық тілдің дамуына тікелей байланысты. Орфоэпия тұрғысынан қазақ сөзінің айтылуына нұқсан келтіретін жағымсыз құбылыстар, нормадан жөнсіз ауытқу ұлттық тілдің дамуына кедергі келтіреді. Сондықтан қазақ тілі сабақтарында негізгі курспен қоса қазақ тілінің орфоэпиялық нормаларын, төл дыбыстарды дұрыс айту ережелерін қатар меңгерту маңызды әрі тиімді.


Әдебиет тізімі


  1. Балақаев М.Б. Қазақ әдеби тілі. – Алматы: Ғылым, 1987. – 272 бет.

  2. Уәли Н. Орфоэпия / Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы: IDK TIPO, 1998. – 509 бет.

  3. Шүленбаева Ұ. Акцент / Қазақ тілі. Энциклопедия. – Алматы: IDK TIPO, 1998. – 509 бет.

  4. Сыздықова Р. Сөз сазы. Сөзді дұрыс айту нормалары / Көмекші оқу құралы. – Алматы: Санат, 1995. – 120 бет.

  5. Күзекова З. Қазақ тілі. – Алматы, 2001.

  6. Салқынбай А.Б., Иманқұлова С.М. Типтік оқу бағдарламасы. «Қазақ тілі»: жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне арналған. – Алматы: Қазақ университеті, 2012. – 22 бет.

  7. Бисмильдина Д.Д. Қазақ тілі: жоғары оқу орындарының орыс бөлімі студенттеріне арналған оқу құралы. – Астана, 2014. – 157 бет.

  8. Серғалиев М.С. Қазақ тілінің мәдениеті / Оқулық. – Алматы: Зият Пресс, 2004. – 140 бет.


Резюме

В данной статье автор анализирует важность и эффективность усвоения студентами орфоэпические нормы казахского языка на практических занятиях. Автор особенно большое внимание уделяет на правильное произношение специфических звуков казахского языка, а также рассматривает информационные теле - радиопрограммы как эффективный дидактический материал для изучения орфоэпических норм казахского языка.



Summary

In the given article the author handles the process of mastering legal Kazakh language by students by way of participation in different day-to-day communication, to be fluent in using professional vocabulary and scientific terms, syntactic styles, to impart good perception skills, to listen necessary information in professional sphere to solve some issues in cognitive scientific situations.


Сведения об авторе




Ф.И.О. (полностью)

Бисмильдина Динара Досымжановна

Место работы

КазУЭФМТ

Должность

ст.преподаватель

Ученая степень, звание

Кандидат филологических наук

Контактный телефон

87054206652

Электронный адрес

Bismildina@mail.ru

Раздел журнала

Казахская филология

Тема доклада на двух языках.

На языке публикуемого материала и на

государственном языке. Если статья на

казахском языке, то следует указать

перевод названия доклада на русском

языке


Важность и эффективность обучения орфоэпии по предмету «Казахский язык»


Достарыңызбен бөлісу:

9294-krupa-ob-utverzhdenii-edinogo-perechnya-produkcii-podlezhashej-obyazatelnoj-sertifikacii-i-edinogo-perechnya-produkcii.html
9299-produkciya-prochaya-pishevoj-myaso-molochnoj-pravitelstvo-rossijskoj-federacii-postanovlenie-ot-1-dekabrya.html
92kontrol-vipolneniya-obrazovatelnih-programm-samoanaliz-deyatelnosti-langepasskogo-gorodskogo-municipalnogo.html
92p-191-ocspsd07zk05-sobranie-zakonodatelstva-sverdlovskoj-oblasti-oficialnoe-izdanie-sedmoj-razdel-k-12.html
92tip-izmereniya-meastypeunit-vdokumente-predstavleno-opisanie-profilya-edinoj-informacionnoj-modeli-sim-obektov.html
93-analiticheskaya-filosofiya-i-germenevtika-k-oapel-uchebnoe-posobie-pod-red-m-v-lebedeva-avtor-skij-kollektiv.html
  • shkola.bystrickaya.ru/predpochitayu-produkciyu-otechestvennogo-proizvodstva-diplomati-trebuyut-bolshe-deneg.html
  • shkola.bystrickaya.ru/pravovie-normativnie-socialno-ekonomicheskie-i-organizacionnie-voprosi-ohrani-truda.html
  • college.bystrickaya.ru/28-28-28-28-28-28-28-28-28-zakonomernostej.html
  • turn.bystrickaya.ru/petrov-v-v-shevelev-i-sh-ispolzovanie-graficheskogo-plansheta-v-obuchenii.html
  • thesis.bystrickaya.ru/pravovoe-obespechenie-proceduri-bankrotstva-v-ukraine-chast-12.html
  • portfolio.bystrickaya.ru/otchet-po-tehnologicheskoj-praktike-studenta-ochnoj-formi-obucheniya-4-kursa-gruppi-pt-41.html
  • upbringing.bystrickaya.ru/kollektivnij-dogovor-avtonomnogo-obrazovatelnogo-uchrezhdeniya-doshkolnogo-obrazovaniya.html
  • tasks.bystrickaya.ru/2017-zhili-bt-ni-zhaa-formati.html
  • gramota.bystrickaya.ru/zasedanie-konsultativnogo-soveta-oplanah-rabot-po-blagoustrojstvu-naselennih-punktov-stranica-9.html
  • laboratornaya.bystrickaya.ru/rabochaya-programma-dlya-napravleniya-550200-.html
  • writing.bystrickaya.ru/anakreon-v-poezii-lomonosova.html
  • report.bystrickaya.ru/i-curriculum-vitae-b-ya-pukshanskij-recenzenti-dokt-filos-nauk-prof.html
  • thescience.bystrickaya.ru/informaciya-o-hode-realizacii-respublikanskih-celevih-programm-za-i-polugodie-2011-goda.html
  • otsenki.bystrickaya.ru/spisok-uchastnikov-konferencii-rrossiya-franciya-bolonskij-process.html
  • exchangerate.bystrickaya.ru/dopolnenie-5-svojstva-refrenov-i-diaseti-yu-v-chajkovskij-nauka-o-razvitii-zhizni.html
  • laboratory.bystrickaya.ru/vodorod-hydrogenium-n-1-stranica-14.html
  • vospitanie.bystrickaya.ru/zadachi-letnej-pedagogicheskoj-praktiki-priobretenie-umenij-i-navikov-samostoyatelnoj-raboti-s-detskim-i-yunosheskim-kollektivom-v-usloviyah-detskogo-letnego-lagerya.html
  • lesson.bystrickaya.ru/masaki-ko-yaponskaya-kuhnya-chast-5.html
  • pisat.bystrickaya.ru/tamozhennoe-delo-4.html
  • desk.bystrickaya.ru/per-s-polsk-v-kulagina-yarceva-i-levshin.html
  • vospitanie.bystrickaya.ru/zhumagulov-gadilhan-nurbolatovich-oitushi-magistr-mtemsov-atindai-bmu-mirzagereeva-izaura-amangeldievna-oitushi-magistr-mtemsov-atindai-bmu-dene-trbies-men-azati-ltti-ojindarini-zara-bajlanisi-anotaciya.html
  • tests.bystrickaya.ru/mareev-s-n-mareeva-e-v-istoriya-filosofii-obshij-kurs-uchebnoe-posobie-stranica-9.html
  • shpargalka.bystrickaya.ru/voprosi-k-ekzamenu-po-kursu-metodi-prinyatiya-reshenij.html
  • lesson.bystrickaya.ru/starshaya-medicinskaya-sestra-terapevticheskogo-otdeleniya-gosudarst-vennogo-lechebno-profilakticheskogo-uchrezhdeniya-tyumenskoj-oblasti-oblastnaya-bolnica-14-kazanskogo-rajona.html
  • composition.bystrickaya.ru/osnovnoe-soderzhanie-dissertacii-podgotovka-pedagogov-muzikantov-k-igrovomu-modelirovaniyu-integrativnih-urokov.html
  • znaniya.bystrickaya.ru/rabochaya-programma-disciplini-tehnicheskaya-mehanika-napravlenie.html
  • student.bystrickaya.ru/24-organizaciya-marketingovih-issledovanij-marketing.html
  • urok.bystrickaya.ru/proektnie-predlozheniya-poyasnitelnaya-zapiska-zamestitel-direktora-instituta-a-g-melamed.html
  • kolledzh.bystrickaya.ru/akademii-estestvoznaniya-mezhdunarodnij-zhurnal-prikladnih-i-fundamentalnih-issledovanij.html
  • reading.bystrickaya.ru/m-n-zagoskin-blagorodnij-teatr-stranica-2.html
  • write.bystrickaya.ru/glava-16-svetlovolosij-malchik-udobno-raspolozhilsya-na-krovati-podlozhiv-pod-spinu-podushku-tak-chto-pochti-sidel.html
  • exchangerate.bystrickaya.ru/dannoj-diplomnoj-raboti-aktualna-i-predstavlyaet-osobij-interes-dlya-issledovaniya.html
  • ucheba.bystrickaya.ru/proekti-korporativnogo-upravleniya-sponsiruemie-cipe-spravochnoe-posobie-centra-mezhdunarodnogo-chastnogo-predprinimatelstva.html
  • knigi.bystrickaya.ru/ria-novosti.html
  • otsenki.bystrickaya.ru/region-gotovitsya-k-vstupleniyu-promishlennogo-osago-informacionnoe-agentstvo-belru-22122011.html
  • © bystrickaya.ru
    Мобильный рефератник - для мобильных людей.